Премьер-Министр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өнеркәсіптік бірқатар кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысып, олардың мысалында отандық бизнесті қолдау шараларының тиімділігін және Жолдауда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің жүзеге асырылу барысын тексерді.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика саласы мен АӨК назарға алынды.
Олжас Бектенов Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын жылына 430 мың тоннаға дейін: темір жол рельстері мен пішінді илек өнімдерінің кең номенклатурасы мен арнайы профильдер және басқа да өнімдер шығарады. Зауытта рельстерді термоберіктеудің жоғары сапасын қамтамасыз ететін инновациялық технология қолданылады. Өндірілген өнім еліміздің темір жол құрылысында пайдаланылады, сондай-ақ Түркия, ТМД елдері, Эстония, Латвияға экспортталады.