Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Ақтөбе рельс-арқалық зауытында жалпызауыттық жиналыс өтті, онда Тәуелсіздік күні – төл тарихымыздағы мерейлі белес, мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы екендігі атап өтілді. Шара барысында Кәсіпорынның дамуына айтарлықтай үлес қосып, оның қызметіне белсене қатысқан қызметкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында Кәсіпорынның әрбір қызметкеріне сыйлықтар жиынтығы табысталды.
Кездесу барысында Кәсіпорын басшылығы қызметкерлерді 2024 жылғы өндірістік-шаруашылық қызметтің алдын ала нәтижелерімен таныстырды, онда рельстік өнімдер мен пішінді илек өндірісі бойынша тарихи рекордқа қол жеткізгендігіміз туралы атап өтілді. 2025 жылда алға қойған жоспарлар туралы да баяндалды.
«АРБЗ» ЖШС басшылығы Кәсіпорынның игілігі үшін ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының металлургия саласының өркендеуі үшін жұмыс жасайтын әрбір қызметкердің еңбегін жоғары бағалайды. Еңбекті ынталандыру және жоғары еңбек нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған қызығушылықты арттыру мақсатында «АРБЗ» ЖШС алдағы мереке қарсаңында қызметкерлерге сыйақы беру туралы шешім қабылдады.