АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ – Мемлекет басшысы «Алтын сапа» байқауының арнайы сыйлықтарын табыстады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Марапаттау рәсімі бүгін Астанада өткен жалпыұлттық телекөпір барысында жүргізілді.
Президенттің «Алтын сапа» арнайы сыйлығының «Жылдың үздік индустриалды жобасы» номинациясында «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС-гі лауреат атанды.
«Зауытымыздың инновациялық өнімі жаңа экономикалық «Нұрлы жол» саясатының іске асырылуына елеулі үлес қосады, кейіннен қосымша құны жоғары болатын жобалардың туындауына септігін тигізеді», – деп атап көрсетті компанияның бас директоры Андрей Кузьмин.
Тағы бір номинация бойынша – «2014 жылғы өндірістегі үздік инновациялар» сыйлығымен Шығыс-Қазақстан облысындағы «Посук Титанум» ЖШС-гі марапатталды.
2006 жылы бекітілген сыйлық отандық өндірісті және инновациялық қызметті дамытуға үлес қосқаны үшін беріледі және лауреаттарды әрі қарай ынталандыра түсуге бағытталған. Осы жылы ҚР Президентінің сапа саласындағы «Алтын сапа» сыйлығына үміткер 293 компания қатысты, олардың басым бөлігі орта бизнес субъектілері болып табылады.