Асқар Мамин мен Игорь Шувалов Қазақстан комиссиясының отырысын өткізді

Ақтөбеде қазақстандық-ресейлік сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (ҮАК) 19-шы отырысы өтті. Ол туралы ҚР Премьер-министрінің пресс-қызметі хабарлады.

Қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Мамин, ресейлік тараптан – РФ үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов басқарды.

ҮАК отырысы барысында индустриялық-инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, туризм салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.

Асқар Мамин Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық байланыстың барлық деңгейлеріндегі қарым-қатынастардың табыстылығын атап өтті.

«Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі болып табылады», – деп көрсетті Асқар Мамин, және ол екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымының оңды динамикасын ерекше атап көрсетті.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында ҚР мен РФ арасындағы тауар айналымы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға өсті және 11,4 миллиард АҚШ долларын құрады.

«Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен жеті мыңннан астам компания қызмет атқарып келеді», – деді Асқар Мамин және іскерлік ортада байланыстарды әлі де тереңдетіп, нығайтуға ынталы екенін білдірді.

Бүгінгі таңда ҚР және РФ арасында 2017-2020 жылдарға арналған индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы бекітілген, ол өңдеуші өнеркәсіпке және энергетикаға инвестицияларды өзара ұлғайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді көздейді.

Қазақстанның Ресеймен стратегиялық серіктестікті дамыту бағдарының тұрақтылығын ерекше атап, Асқар Мамин отын-энергетикалық кешен, өнеркәсіптік кооперация, көлік өнеркәсібі, ғылыми-технологиялық және инновациялық даму, транзиттік-көлік әлеуеті саласындағы бірлескен жұмысты әрі қарай қарқынды жалғастыруға тілек білдірді.

«Жалпы алғанда ҚР және РФ сауда-экономикалық ынтымақтастығы экономиканың түрлі салаларын әрі қарай дамытуға ықпалы зор», – деді Асқар Мамин.

Отырыс аясында Асқар Мамин мен Игорь Шувалов шағын және кеңейтілген форматта екі жақты келіссөздер өткізді.

19-шы қазақстандық-ресейлік сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы нәтижесінде делегация басшылары сәйкесінше хаттамаға қол қойды. ҮАК отырысы шеңберінде «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС және «Ресей теміржол жолдары» ЖАҚ арасында ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.

Құжатқа «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев пен «Ресей теміржол жолдары» ЖАҚ президенті Олег Белозеров қол қойды.

Қазақстанда шығарылған  жоғары сапалы ұзын өлшемді рельстер ресей теміржол жолдарын модернизациялауда қолданылатын болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін АРБЗ Р65 маркалы ұзындығы 120 метрлік 7,5 мың тонна рельс жеткізеді. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының экспорттық әлеуеті 2020 жылға дейін 550 мың тоннадан асады.

«ЕуразЭО жобасы туындаған кезде ел басшылары іс жүзіндегі кооперация, іс жүзіндегі интеграцияны қамтамасыз ету керектігі туралы айтты. Бұл зауыт, АРБЗ, – осы идеяның жүзеге асуы. Зауыт өнімі көптеген елдердің аймақтарында сұранысқа ие болады деп сенемін», -деді Игорь Шувалов.

  Қазақстандың және ресейлік делегация басшыларының Ақтөбеге сапары аясында олар әлеуметтік маңызды бірқатар нысандарға барып өтті, оның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектебіне және Шығармашылық академиясына барды.

Источник