АРБЗ өнімін «РЖД» үшін жабдықтайтын болады
Ақтөбеде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен РФ үкімет төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шуваловтың қатысуымен Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысы өтіп, оның барысында бірқатар маңызды құжаттар қабылданды.
Ақтөбе рельс-арқалық зауытында негізгі сессияны бастар алдында тараптар «АРБЗ» ЖШС және «Ресей теміржол жолдары» ЖАҚ («РЖД») арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«АРБЗ-нан шығатын өнім толықтай әртараптандырылған. Бұл ең заманауи зауыт, барлық ЕАЭО үшін әлеуеті зор», – деп көрсетті ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар жыл аяғына дейін 7,5 мың тонна «Р-65» рельстерін жабдықтауға «РЖД»-мен келісім-шартқа қол қойылды. Бірінші партия Челябинск қаласына жіберіледі.
«Бүгін таңда Ресей Федерациясы ресейлік темір жолдарды дамытудың инвестициялық бағдарламасын мақұлдады. Жаңа теміржол маршруттары дамытылатын болады. Оның барлығы оның ішінде Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімін де талап етеді. АРБЗ – бұл интеграция мен кооперация идеясының жүзеге асуы. Біз Ресейде темір жолдарды модернизациялау бағдарламасын іске асыруда осы өнімді қуана сатып аламыз», – деді өз кезегінде Игорь Шувалов.
Ақтөбе РАЗ – ЕАЭО аймағындағы ұзын өлшемді термоберіктелген теміржол рельстерінің жалғыз өндірушісі.
Кәсіпорында 2017 жылдың тоғыз айында 31,2 миллиард теңгеге 116,4 мың тонна өнім шығарылды. Өнімнің негізгі тұтынушылары – «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайджан елдері.
Үкіметаралық комиссиясының отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастық бағдарламасының аясында 2017-2020 жылдары барлығы 4,5 миллиард долларға 41 жоба жүзеге асырылады.
«Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Осы жылдың тоғыз айында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 11,4 миллиард доллларды құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда ресейлік инвесторлары бар жеті мыңнан астам компания қызмет етуде», – деп көрсетті пленарлық отырыс барысында Асқар Мамин.
Егер Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы туралы айтар болсақ, осы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 146 пайызға өсіп, 828 миллион долларды құрады. Өңірде ресейлік капиталдың қатысуы бар 650 компания жұмыс жасайды.
Өз тарапынан Игорь Шувалов екі ел арасында әлі де пысықталуы тиіс мәселелер мен реттелетін сұрақтар бар екенін жасырмады. Атап айтсақ, Қазақстаннан Ресейге тауарларды тасымалдау және транзиттік тасымалдар төңірегіндегі мәселелер. Ол осы кедергілер мен шектеулерді жою үшін жоспар әзірлеуге сәйкесінше тапсырмалар берілгенін айтып өтті. Сондықтан ресейлік делегация құрамында көлік министрлігінің, Россельхознадзор өкілдері де болды.
2017 жылдың тоғыз айында екі ел арасында жүк тасымалдау көлемі 45,5 миллион тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық. РФ үкіметі төрағасының бірінші орынбасары ресейлік тараптан Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолының бөлігін тез арада іске қосуға септік ететіні туралы уәде берді.