«UIC-60» санатындағы рельстерді шығару арқасында АРБЗ еуропалық елдерге және Араб Әмірліктеріне экспорттық жабдықтаулар жүргізе алады, деп «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның бұқарамен байланыс қызметі хабарлайды.
«Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС-нің (әрі қарай – АРБЗ) құрылысын «Бәйтерек» Холдингінің еншілес компаниясы Қазақстан Даму Банкі қаржыландырды, ол 2016 жылдың маусымында пайдалануға берілді. Жоба Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылды.
Бүгінгі таңда АРБЗ Еуразиялық Экономикалық Одақ аймағында «Р-65» стандартындағы ұзын өлшемді (120 м) термоберіктелген теміржол рельстерінің жалғыз өндірушісі болып табылады. Жабдықтау географиясын Еуропа елдеріне кеңейту мақсатында 2017 жылы кәсіпорында еуропалық стандарттағы «UIC-60» рельстерін шығаруды жолға қою жоспарланған.
«Біздің технологиямыздың ерекшелігі – су-ауа қоспасының пайдаланылуы, бұл өте икемді шынықтыру жүйесі. Мысалы, біз ДТ-350 дифференциалды термоберіктелген рельстерін шығарамыз, бұл бүгінгі таңдағы ең берік рельстер, алайда жобада бұл қаттылықтан, төзімділіктен де аса жоғары модификациялар бар, олар төмен температураларда және қиыр солтүстік жағдайларында қолданылады. Яғни, біздің технология осындай аса берік рельстер шығаруды да жолға қоя алады» – деп көрсетті «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Ибрагимов.
Сонымен қатар 2017 жылдан бастап кәсіпорын пішінді илекті де шығарып бастайды. Жалпы алғанда 2018 жылы толық жобалық қуатына шыққан соң зауыт жылына 430 000 тонна илек шығаратын болады, оның ішінде 200 000 тонна – жоғары жылдамдықты магистральдерге арналған ұзын өлшемді (120 м. дейін) термоберіктелген рельстер, 230 000 тонна – құрылыс секторына арналған пішінді өнім.